ШұғылЕлімізде өткен тәулікте 855 адамнан коронавирус анықталды

Шымкентте жаға жыртысқан полицейлер қызметтен босатылды

Әлеуметтік желіде желдей ескен видеода олардың нені бөлісе алмағаны белгісіз

Видеодан кадр

Төбелесіп қалған шымкенттік қос полицей қызметтен босатылды. Олардың жаға жыртысып жатқан сәті видеоға түсіп қалған, деп хабарлайды otyrar.kz.

Оқиға 28 қаңтар күні түнгі сағат 01:00 шамасында қаланың орталық көшесінде орналасқан полиция бекетінде болған. Әлеуметтік желіде желдей ескен бейнеде олардың нені бөлісе алмағаны белгісіз.

Екі тәртіп сақшысының жаға ұстасқан кезін әлдекімдер телефонға түсіріп алған. Бекет ішіндегінің барлығы анық көрініп тұр. Әлдебір сөздерді айтып, қызметтік формаларынан ұстап жұлқыласып жатқан жерден видео үзіліп кетеді.

Тілшілер погон таққандардың жаға жыртысқан бекетіне де барған. Қазір ол жерде таңертең кезекшілікті қабылдап алған басқа екі полицей жұмысын жалғастыруда. Олар әлеуметтік желідегі видео жайлы ештеңе білмейтінін айтты. Ал Полиция департаментінің өкілдері сол оқиғадан кейін тексеріс жасап, қос қызметкердің ісін тәртіптік кеңесте қараған.

«Бір-біріне нағашылы-жиенді әріптестер жай ғана алысып ойнапты-мыс. Алайда полиция имиджіне нұқсан келтіргені үшін олар қызметтен шеттетіліп, резервке қойылған», - делінген хабарламада.