Тараздық полицей өзі тоқтатқан көлік жүргізушісіне қарғыс айтқан
Тәртіп сақшысы құжат көрсетуден бас тартқан азаматты қарғап-сілеген
Таразда көлік жүргізушісін қарғаған тәртіп сақшысының видеосы әлеуметтік желілерде тарап кетті, деп хабарлайды КТК телеарнасы.
Полиция қызметкері көлікті не үшін тоқтатқанын сұрап, құжат көрсетуден бас тартқан азаматқа лағынет айтқан.
- Атыңыз кім?
- Нұрлыбек.
- Ақ жол! Жортқанда жолың болсын, бауырым! Қарғыс атсын сені!
Видео әлеуметтік желіге тарап қызу талқыға түсіп жатыр. Бірі жол сақшысы артық кетті десе, енді бірі тәртіпке бағынбаған көлік жүргізушісін айыптайды.
Негізінде, полицей жарық шамын жақпаған жеңіл көлікті тоқтатып, құжатын сұраған. Алайда жүргізуші ереже бұзғанымды дәлелде деп қасарысып алады. Тіпті инспекторға «қызметтік куәлігіңді көрсет» деп қырсығады. Екеуі біраз сөз таластырып қалады, соңынды аға лейтенант жүргізушіні қарғап-сілейді.
Басына бәле тілден келетінін білмеген сақшының мәселесін енді Полиция департаменті майшаммен қарап жатыр.
«Инспектордың бейнежетонынан және сырттай бақылау камераларынан бейнежазбаны алу, сондай ақ, автокөлік жүргізушісін тауып, одан жауап алу мақсатында жан-жақты тергеу жүргізіліп жатыр», - деді Жамбыл облысы ПД баспасөз хатшысы Гүлсара Мұхтарқұлова.