ШұғылЕлімізде коронавирустан жазылғандар саны 196 мыңнан асты

Сарыағашта интернет арқылы тұрғындардан ақша алған алаяқ ұсталды

Ол WhatsApp желісі арқылы топ құрып, тұрғындарға жалған жарнама жасаған

 

Сарыағаштық полицейлер интернет арқылы тұрғындардан ақша алған алаяқты ұстады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy облыстық Полиция департаментіне сілтеме жасап.

Сарыағаш АПБ-не жергілікті тұрғын әйел алаяқтық құрбаны болғаны туралы арызданған. Ол өзінің арызында белгісіз біреудің WhatsApp әлеуметтік желісі арқылы «Алтын қазына» атты топ құрғанын айтады. Арызданушыға сол топтың админі «Бізге ақша салсаң, салған ақшаңның үстіне 5 күнде 50 пайыз қосып береміз» деп жарнама жасаған. Өтірік жарнамаға алданған жәбірленуші әйел топтың админіне есепшот арқылы 35 мың теңге аударған. Ал алаяқ ақшаны алған бойда ізін суытқан.

Аталған жайтты полицейлер ҚР ҚК-нің 190-бабы 2-бөлігі «Алаяқтық» бойынша тіркеп, іздеу жұмыстарын бастады.

Тәртіп сақшылары әлеуметтік желілерді тексеріп, күдік тудырғандарды бақылады. Іздестіру жұмыстарының нәтижесінде, полицейлер ақпарат көздері арқылы күдікті азаматты бір тәулік ішінде үйінде ұстады. Ол 30 жастағы жергілікті тұрғын болып шықты. Қазіргі таңда күдіктіге қатысты тергеу амалдары жүруде.  

«Тергеу барысында анықталғандай, алаяқ WhatsApp желісі арқылы ашқан тобына 50-ден аса адамды жинағаны белгілі болды. Сондай-ақ оларға «Ақшаларыңды көбейтіп беремін» деген өтірік насихат жүргізгені және алаяқтықпен тағы бір азаматтан 30 мың теңге алғанын анықтады. Бүгінгі таңда айғақты зат ретінде алынған ақша өз иелеріне қайтарылды. Күдіктінің бас шарасы қолхатта», - делінген ПД хабарламасында.