Алматыда есірткі сатумен айналысқан 247 сайт бұғатталды
Былтыр синтетикалық есірткі шығаратын 5 зертхана анықталды
Алматы полициясының дабылымен есірткі сататын 247 сайт бұғатталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy қалалық Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жыл басынан бері жедел-іздестіру іс-шаралары мен ғаламторды бақылау барысында Есірткі қылмыстарына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері есірткі және психотроптық заттарды тарату туралы ақпараты бар 247 сайтты анықтап, бұғаттауға бағыттады.
«Сонымен қатар, өткен жылы синтетикалық есірткі шығаратын 5 зертхана анықталды. Есірткіні қолма-қолсыз әдіс бойынша сатумен айналысқан, 5 сотталушыдан тұратын 2 ұйымдасқан қылмыстық топтың әрекеті тоқтатылды. Жалпы алғанда, есірткінің заңсыз айналымы саласында 400-ден астам адам қылмыстық жауапкершілікке тартылды, олар кейіннен ұзақ мерзімге бас бостандығынан айырылды», - деді Алматы қалалық Полиция департаментінің бастығы Қанат Таймерденов.
Анықтама үшін: 2020 жылы заңсыз айналымнан 320 кг 527 г есірткі, сондай-ақ, 446 гр 35 мг героин, 30 кг 996 гр гашиш және 159 кг 701 гр марихуана тәркіленді.