ШұғылCOVID-19: Қазақстанда өткен тәулікте 800-ге жуық адамнан вирус анықталды

Қарағанды облысында киік сойып алған браконьерлер ұсталды

Олардың үш киік сойып алғаны белгілі болды

Көрнекі фото: ашық дереккөзден

Қарағанды облысының табиғатты қорғау полициясы қызметкерлері 14 қаңтарда рейд барысында Нұра ауданы аумағында «ВАЗ-2121» маркалы автокөлікті тоқтатты.

Нұр-Сұлтан қаласының 34 жастағы тұрғыны басқарып келе жатқан автокөлікті тексеру кезінде көліктің төбесінде орнатылған жүк салғыштан ақбөкен терісін анықтады. Бұдан басқа жүк салғыштан мүйізі кесілген үш киіктің басы, киік қаны мен қылы бар, пышақ салынған қап табылды.

Сол күні оның Нұра ауданындағы 28 жастағы інісімен бірге бір ақбөкенді қораға айдап кіргізіп, кейін сойып, содан кейін сойылған киік етін қапқа салып, көлікке жасырғаны анықталды.

Тәртіп сақшылары қараусыз қалған ғимаратты тексерген кезде екі қапқа салынған киік етіне ұқсас жіліктелген ет пен үш жұп мүйіз тапты.

Браконьер тірі және сойылған ақбөкенмен түскен фотосуретті смартфонында сақтап, оны жақындарына естелік ретінде қалдыру туралы шешім қабылдаған.

Аталған факт бойынша тиісті сараптамалар тағайындалып, тергеу жұмыстары жалғасуда.