Ақтөбе облысында жол апатынан жедел жәрдем қызметкері қаза тапты
Жол-көлік оқиғасы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды
14 қаңтар күні сағат 08:20-да Самара – Шымкент автожолында жедел жәрдем көлігі жол апатына ұшырады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Хромтау ауданы Аққұдық кенті аумағындағы тасжолда «КИА» автокөлігінің 35 жастағы жүргізушісі рөлді басқара алмай, Әйтеке би ауданының орталық аудандық ауруханасына тиесілі «УАЗ» автокөлігіне соғылған.
«Жол-көлік оқиғасының салдарынан жедел жәрдем көлігінің жүргізушісі мен жолаушысы, орталық аудандық ауруханасының қызметкері түрлі дене жарақатымен Хромтау қаласының ауруханасына жеткізілді.
Бірнеше сағаттан кейін «УАЗ» автокөлігінің 58 жастағы жолаушысы есін жимастан қайтыс болды», - деп хабарлады Ақтөбе облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Жол-көлік оқиғасы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.