Ақтөбе зауытындағы бес адамның өліміне айыпталғандар ақталып шықты
Прокурор оларды бас бостандығынан айыруды сұраған еді
«Ақтөбе хром қосындылары» зауытында болған бес адамның өлімі үшін айыпталған бөлім бастығы, цех шебері мен ауысым бригадирі ақталып шықты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Үш айыпталушының да іс-әрекетінде қылмыс белгілері болмағандықтан, олар онлайн өткен сотта ақталып шықты. Сотта оларға заңсыз қудаланғаны үшін моральдық өтемақы талап ету құқығы бар екені де ескертілді.
Ал зауыттағы қайғылы оқиға марқұмдардың еңбек қауіпсіздігін сақтамағанынан болған.
Еске салсақ, былтыр 28 мамыр күні зауытта 50 текше метрлік бөшкені тазалап жатқан жұмысшылар ыстық буға күйіп қалған болатын. Төрт адам оқиға орнында қаза тапты. Ал бесіншісі ауруханада көз жұмды.
Қайғылы оқиғадан соң Полиция департаменті қылмыстық іс қозғап, зауыттың басшылары жауапқа тартылған болатын. Прокурор оларды бас бостандығынан айыруды сұраған еді.