Бестамақтағы шошқа фермасы: жұмысшылар мен ауыл тұрғындар арасында дау туды
Ауыл халқы 10 жылдан бері қолқаны қапқан иістен шаршағанын айтады
Ақтөбенің Бестамақ ауылындағы тұрғындар мен шошқа фермасының жұмысшылар арасында дау туды. Жұмыссыз қалудан қорыққандар, ферманы жауып тастауға қарсы. Жергілікті тұрғындар да алған бетінен қайтар емес. Арадағы айқай-шуды тәртіп сақшылары мен атқамінерлер әрең басты. Бұл туралы «Астана» телеарнасы хабарлайды.
Бүгін Бестамақ ауылының халқы мал шаруашылығы кешені алдына тағы жиналды. Қаншама наразылыққа қарамастан, шаруашылықтың ары қарай жұмысын жалғастырып жатқанына наразылық танытқын халық билікке өз талаптарын қойды.
Шаруашылық жұмысшыларын жергілікті тұрғындардың айыптауының соңы айқай-шу мен жаға жартысуға ұласа жаздады. Ауыл халқы 10 жылдан бері қолқаны қапқан иістен шаршағанын, одан қалды, қоршаған ортаны ластап жатқандарға бей-жай қарап отыра алмайтынын ескертті. Ал жұмысшылар нәпақадан қағылатынына көндіге алар емес. Мұндағы жұмысшылардың дені қаладан келіп істейді.
«Бұл жерге тауып отқан нанынан, яғни жұмысынан айырылып қаламыз ба деп қорыққан халық шықты. Қазір бізде 400 адам жұмыс істейді. Ертең ферма жабылса, олар қайда барады? Бізге мұнда барлық жағдай жасалған. Мекеме жіберген кемшіліктерін жояды деп ойлаймын», - дейді ферма жұмысшысы Петр Мурашкеевич.
«Талабымыз – жабу. Оразалин қалай деді? Болмаса, бағытты өзгертсін. Ірі қара тұр ғой. Түйе, жылқы ұстай берсін. Шошқаны алып тастау керек. Не деген масқара, бүкіл жерді бүлдіріп, боғын ағызып жатыр», - деді Бестамақ ауылының тұрғыны Гүлнәр Айтжанова.
Бұл бейнежазбаны жуырда ауыл тұрғындары әлеуметтік желіде жариялады. Етке сойылған шошқаның қалдықтары тасталған шұңқырлар арнайы техникамен тегістеп жатыр. Бұқара тергеу аяқталмай жатып шаруашылық басшылығының дәлел болар жерлердің көзін жойып жатқанына ашулы.
«Ағып жатқан суға құбырөткізіп қойған, ол су дамбыға, яғни бассейнге кетіп жатыр. Ол жабдықталмаған. Төгіп жатыр әншейін. Ешқандай нәтиже жоқ. Қайтадан барлығын тегістеп тастауға неге рұқсат береді? Тергеу жүріп жатқанда, олар дәлелді жойып жатыр», - дейді Бестамақ ауылының тұрғыны Нұрбек Жұбанқасов.
Халыққа басу айтуға бұл жерге шенділер де жетті. Олар ешқандай дәлелдің жойылмайтынына сендірді. Тәуелсіз сараптама тағайындалғанын айтты.
«20 қаңтарда осы жерге сараптама келеді. Өйткені Ақтау қаласына жібердік. Солар полициямен бірге осы жерді келіп қарайды. Тегістеп тастап жатыр деген жерлердің барлығын қаншама тегістесе де, қазылып, сынама алынады. Осыған дейінгі экология, жер инспекциясы, ветинспекция анықтаған кемшіліктер қайта тексеріледі», - деді Ақтөбе облысы әкімінің бірінші орынбасары Нұржауған Қалауов.
Дауға айналған бұл іске соңғы нүктені енді сот қоятын болады. Сот істі қарауды бастаған. Шаруашылыққа қатысты экология департаменті 13 әкімшілік іс қозғап, 1 млн 250 теңге көлемінде айыппұл салған.