Алматыда 6 млрд теңгеден аса сомаға жалған шот-фактура жасаған үш азамат сотталды
Мемлекетке аса ірі көлемде залал келген
Қаржы мониторингі комитетінің Алматы қаласы бойынша экономикалық тергеу департаменті жалған шот-фактура жасаумен айналысқан азаматтарға қатысты сотқа дейінгі тергеуді аяқтады.
Тергеу кезінде Алматы қаласы тұрғындарының 2017-2019 жылдар аралығында 7 ЖШС арқылы коммерциялық ұйымдардың салықтан жалтаруына көмектесу үшін ЖШС арасында 6 млрд теңгеден аса сомаға сауда-саттық болған делінген жалған шот-фактура жазғаны анықталды. Аталған азаматтардың заңсыз әрекетінен мемлекетке аса ірі көлемде залал келген.
Алматы қаласы Түрксіб аудандық сотының үкімімен қылмысты жасаған 3 азамат Қылмыстық кодекстің 28-бабы 3-бөлімі, 29-бабы 5-бөлімі және 216-бабы 3-бөлімімен кінәлі деп танылып 2,6 жылдан 3 жылғы дейін бас бостандығынан айырылды. Сондай-ақ, сот үкімімен аталған азамат 10 жыл мерзімге экономикалық қызмет саласындағы жетекші лауазымдарды атқару құқығынан айырылды.
Сотқа дейін үй қамағында болған айыпталушы азаматтар қамауға алынды.