ШұғылӨткен тәулікте қанша адамның коронавирус жұқтырғаны белгілі болды

Денис Теннің анасы Жанар Толыбаеваның мерзімінен бұрын босатылғанынан бейхабар болып шықты

Денис Теннің өліміне қатысты сотталған әйел 10 күннен соң Жауғашты түрмесінен босатылады

Фото: Жанар Толыбаева сот залында

Қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Денис Теннің өліміне қатысы бар деген айыппен сотталған  Жанар Толыбаева енді 10 күннен соң үйіне оралады. Ол қазір Алматы облысы Жауғашты елдімекеніндегі ЛА-155/4 колониясында қамауда отыр. Бұл туралы Azattyq Rýhy тілшісіне сотталушының адвокаты Амангелді Сариев айтты.

Жанар Толыбаеваның ҚР Қылмыстық кодексінің 73-бабы негізінде жазаның өтелмеген бөлігін неғұрлым жеңіл жазаға ауыстыру туралы өтініш берген. Адвокат оған қатысты 4 жылға бас бостандығынан айыру туралы сот үкімімен кесілген жазаның небәрі 1,5 жылы қалғанын айтады.

«Жанар бастапқыда 4 жылға сотталды, біз аппеляциялық шағым бойынша оның қоныс колониясында жазасын өтеуіне қол жеткізген едік. Яғни 2019 жылы 17 қаңтардағы Алматы қалалық қылмыстық істер жөніндегі сотының үкімі бұзылып, сол жылы сәуірде Жанар Толыбаева қоныс колониясына көшкен. Алайда Оксана Тен арызданып, прокуратура сотталушыны қайтадан жалпы режимдегі түзету мекемесіне ауыстырды. Содан бері ол екі жарым жыл түрмеде отырды. Жазасы 2018 жылдың шілдесінен бастап саналғанда, бір күнді арнайы қабылданған заң аясында 1,5 күн деп есепейді. Осыны ескеріп, Жоғарғы сот осындай шешім қабылдады», - дейді адвокат.

Қорғаушының айтуынша Денис Теннің өліміне қатысы бар деп айыпталған әйелдің ата-анасы Жамбыл облысы Қордай ауданы Әлжан ана ауылында тұрады. Олардың қолында Жанар Толыбаеваның екі баласы тәрбиеленіп жатыр. Сотталушы екінші баласын 2019 жылдың 6 наурызында Алматыдағы СИ-18 уақытша ұстау изоляторында дүниеге әкелген.

Оқи отырыңыз: Денис Теннің өліміне қатысты сотталған Жанар Толыбаева колониядан босатылды

Амангелді Сариевтің айтуынша, Жанар Толыбаева Жауғаштыдағы түрмеден енді 10 күннен соң ғана босай алады. Сол кезде Жоғарғы соттың қаулысы күшіне енеді. Ал марқұм Денис Теннің анасы Оксана Тен Azattyq Rýhy тілшісіне бұл жаңалықтан бейхабар екенін айтты. Ол Ж. Толыбаеваның мерзімінен бұрын босап шығатыны туралы хабарды естімегенін, сол себепті қандай да бір пікір білдіруге әлі ерте екенін жеткізді. 

Айта кетейік, 2018 жылдың 19 шілдесінде мәнерлеп сырғанаушы, Сочи олимпиадасының қола жүлдегері Денис Тенді көлік ұрылары пышақтап кеткен еді. Көп қан жоғалтқан спортшы сол күні ауруханада көз жұмды. Теннің өліміне қатысы бар деген күдікпен үш азамат ұсталған. Олардың екеуі - Арман Құдайбергенов пен Нұралы Қиясов 18 жылға, Жанар Толыбаева төрт жылға бас бостандығынан айырылды. 

Ришат Асқарбекұлы, Алматы