ШұғылCOVID-19: Қазақстанда 14 адам өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған

Ақтаудағы мектептің бірінде оқушыларды қандала шаққан

Ата-аналардың айтуынша, дәретханалардың тазаланбауынан ғимарат ішін тарақан мен қандала жайлаған

Фото: ашық дереккөзден

Ақтаулық ата-аналар балалары білім алатын №6 орта мектепте санитарлық талаптардың сақталмайтынын айтып, дабыл қақты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Атуларынша, дәретханалардың тазаланбауынан ғимарат ішін тарақан мен қандала жайлаған.

Сондай-ақ мектеп басшылығы бұған дейін оннан астам мұғалімді себепсіз жұмыстан шығарған көрінеді. Ата-аналар оның бұл әрекетінің заңдылығын тексерту үшін прокуратураға арыз жолдапты.

«Бүгін сыныпқа кіріп, желдеткішті тексердім, жұмыс істемейді. Баламның мектептен дел-сал күйде келуінің себебі осында деп ойлаймын. Неліктен басы ауыратынын білу үшін невропатолог-дәрігерге бардық. Медициналық талдау жасатуға шығындандым. Өзім секілді ата-аналардан сұрағанымда, олар да өз балаларынан осындай жайсыздықты байқағанын айтып отыр», - дейді ата-ана Альбина Мұртазалиева.

Оқушыларды сабақ үстінде қандала шағатыны алғаш рет тамыз айында байқалған. Қансорғыш жәндіктер тіптен оқулықтардың ішінен де табылған көрінеді. Сол кезде мектеп директорының міндетін атқарушы ғимарат ішін зарарсыздандыру шараларын жүргізуге уәде беріпті.

«Біздің сыныпта оқитын ер баланы қандала сабақ үстінде шағып алды. Оның шошынған сәтін бәріміз де көрдік», - дейді оқушы Эвелина Лисовая.

«Мектепті карантинге жабу қажеттігін директорға айттық. Ол тарақандарды улау жұмыстарының жүргізілгені туралы жазылған қағазды көрсетті. Бұл ақпардың қаншалықты шындық екені бізге беймәлім. Күні кеше 9 сынып оқитын химия кабинетінен қандала табылғанын естіп отырмыз», - деді ата-ана Айгүл Өрбісінова. 

Шу шыққан мектеп басшылығынан жауап алудың сәті түскен жоқ. Қалалық білім бөліміндегілердің айтуынша, ата-аналардың шағымы бойынша арнайы комиссия құрылып, тексерулер жүргізілген.   

«Жәндіктер бар деген ақпар ағымдағы жылдың қыркүйек айында түскен болатын. Осы орайда СЭС-пен байланыса отырып, тексерілді. Алайда ондай жәндіктердің табылмағаны анықталып, бүгінгі таңда акт жасалды. Шағымда көрсетіліп тұрған 13 мұғалімнің барлығы бірдей мектеп директорының тарапынан қысым көріп кеткен ештеңесі жоқ. Алтауы өз еркімен ІТ-лицейге ауысты, екі мұғалім зейнеткерлік жаста. Және үш мұғалім мекенжайына жақын орналасқан мектептерге өз қалауымен ауысып отыр», - дейді қалалық білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы Бағдат Тұрақбаева.

Қазір №6 орта мектепте 1629 оқушы білім алады. Білім беру ордасында 71 сынып бар. Төрт қабатты ғимаратқа 2017 жылы «Бейнеу-Газ» серіктестігі күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізген. Мердігер екі жылда бүлінген жерлерін кезең-кезеңімен қалпына келтіріп жатыр. Енді қалалық білім бөлімі мектеп ұжымы мен наразы ата-аналардың басын қосып, ортақ мәмілеге келтіру жолын ұсынбақ. Белгілі болғаны, директордың міндетін атқарушы өз еркімен жұмысынан кетіпті.