Жол апаты 6 адамның өмірін жалмады
Ақтөбе облысында екі автокөліктің соқтығысуы салдарынан анасы мен баласы, екінші машинада отырған бір отбасы түгелдей ажал құшты

16 қыркүйек Самара-Шымкент тас жолының 934 шақырымында жол апаты болып, 6 адам көз жұмды. Қайғылы оқиға Әйтеке би ауданына қарасты Белқопа ауылының маңында түнгі сағат 3:45-те тіркелген, - деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі Ақтөбе облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Mazda Cronos маркілі автокөлікті тізгіндеген Темір ауданы, Шұбарқұдық елді мекенінің тұрғыны Қарабұтақ ауылы жақтан Ақтөбе қаласына қарай жүріп бара жатқан. «Самара-Шымкент» тас жолының 934-ші шақырымында Белқопа ауылының тұсына келгенде қарсы бетке шығып кетіп, Opel Vectra автокөлігімен соқтығысқан», - деді полиция қызметкерлері.
Соқтығыс салдарынан Mazda автомашинасы жарылып кеткен. Оған газ агрегаты себеп болған.
«Жол көлік оқиғасы салдарынан Opel Vectra көлігінің жүргізушісі Әйтеке би аудандық ауруханасына жеткізілді. Ал оның әйелі мен баласы оқиға орнында көз жұмды. Mazda Cronos-та отырған жүргізуші, әйелі, баласы мен немересі өртеніп кеткен», - деді тәртіп сақшылары.
Аталған факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 345 бабының 4 тармағы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды.