Теміржол бекеттерінде заң бұзған көлік жүргізушілеріне жаза күшейеді – Тұрғымбаев
«Жол апаттарының 96 пайызына жүргізушілердің өзі кінәлі. Жүргізушілердің тәртібі өте төмен», - деді министр
Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев теміржол өткелдеріндегі жол апаттарының 96%-на көлік жүргізушілері кінәлі екенін мәлім етті, - деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
«Осындай жол апаттарының 96 пайызына жүргізушілердің өзі кінәлі. Жүргізушілердің тәртібі өте төмен. Еліміз бойынша теміржол бекеттерінің бәрінде пойыз өтеді деген белгі тұрады, сол белгіге тоқтап, міндетті түрде пойыз өтпейтініне көз жеткізіп барып жүру керек. Сондықтан, менің айтарым, шынымен де теміржол бекетінде жол ережесін бұзған жүргізушілерге жазаны күшейту керек деп ойлаймын. Осы мәселені қарап, өз ұсынысымызды еңгіземіз», - деді Ішкі істер министр.
Журналистердің сұрағына жауап берген Ішкі істер минстрлігі Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Мақсат Байболовтың айтуынша, кеше апатқа түскен автобустың қандай ақауы болғаны сараптамадан кейін белгілі болады. Айта кетейік, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Роман Скляр автобустың техникалық тексеру құжатының мерзімі 16 шілде күні аяқталғанын хабарлаған.
«Көліктердің техникалық тексеруі қазір Ішкі істер министрінің құзіретіне қарамайды. Өздеріңіз білетіндей, бәсекелі ортаға берілген. Автобустың техникалық ақаулары болғаны мүмкін екенін жоққа шығармаймыз. Бірақ, бәрі де сараптамадан кейін белгілі болады. Осыған дейін Шамалған теміржол бекетінде жол ережесі бұзылды деген өтініш тіркелмеген», - дейді Байболов.
Кенжекей Тоқтамұрат, Нұр-Сұлтан