Шамалған стансасында көпір салу үшін 70 үй мен екі бекетті сүру керек – министр
Қазір төтенше жағдай бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр
Шамалғандағы жолаушылар пойызы мен автобустың апатынан кейін тұрғындар бұл теміржол өткелінің орнына көпір салынуы керек еді деген талабымен жолды жапқан болатын. Жолдар құрылысына жауапты министрліктің басшысы Роман Склярдың айтуынша, бұл жерге «көпір салу бюджетке салмақ түсіреді».
«Бұл теміржол бекетінен күніне 65 пойыз өтеді. 10 мың шамасында жеңіл көлік қатынайды. Көпір құрылысы керек, алайда, ол бюджетке салмақ салады», - дейді министр.
Роман Скляр көпір құрылысын бастау үшін 70-ке жуық үй және екі жанармай құю бекеті сүрілуі керек дейді.
«Бұл жерге жолдар желісін (пути провода) салуға болады. Алайда, ол үшін автокөлік жолы 1,2,3- категориялы болуы тиіс. Ал, апат болған жол екінші категорияға жатады. Көпір құрылысын жобалау жұмыстарын келесі жылға жоспарлап отырмыз. Дәл осы маңға салынбайды. Мәселен, апат болған жерден 7 шақырымда орналасқан Елтай елді мекенінің тұсынан жол желісін салу арқылы проблемалы екі өткелдің мәселесі шешілген болатын. Осындай жұмыстар алда да жалғасады», - дейді Скляр.
Еске салайық, кеше кешкісін Алматы маңында пойыз бен автобус соқтығысып, апат салдарынан автобус жүргізуші қаза тапты. Үш адам ауыр хәлде ауруғанаға түскен. Қазір төтенше жағдай бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Кенжекей Тоқтамұрат, Нұр-Сұлтан