Алматы маңындағы апатта зардап шеккендердің кім екені белгілі болды
Зардап шеккендер қазір жансақтау бөлімінде жатыр
Алматы-Шамалған темір жол бекетінде жолаушылар пойызы қаққан автобуста жараланған жолаушылардың аты-жөндері белгілі болды. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Роман Склярдың айтуынша, олардың жағдайы ауыр.
«Зардап шеккен азаматтардың аты-жөні: Эльвира Әбдірқызы Жәнібекова, 1986 жылы туған. Оның 2014 және 2016 жылы туған екі қызы. Эльвира Жәнібекованың өзі локомотив депосының қызметкері. Қазақстан Темір жолы» компаниясы қажетті материалдық көмектің бәрін көрсетеді», - деді Роман Скляр.
Оның айтуынша, жол бекетінде шлагбаум да, бағдаршам да бар. Бірақ, автобус әуел баста теміржол өткелінің бойында тұрып қалған соң, шлагбаум жабылмай қалған. Автобус 1990 жылы шыққан «Setra» маркалы көлік.
«Техникалық тексеруден өткен құжаты 2019 жылдың 16 шілдесінде біткен. Одан кейін ол құжат ұзартылмаған. Автобус «Қаскелең автобус паркі» ЖШС-на тиесілі», - дейді министр.
Айта кетейік, кеше кешкісін Алматы маңында пойыз бен автобус соқтығысып, апат салдарынан автобус жүргізуші қаза тапты. Үш адам ауыр хәлде ауруғанаға түскен. Азаттық рухына Қарасай аудандық орталық ауханасынан хабарлағандай, зардап шеккендер қазір жансақтау бөлімінде жатыр. Төтенше жағдай бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Кенжекей Тоқтамұрат, Нұр-Сұлтан