Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин тауда қаза тапқан Ерман Бәйменовті құтқару жұмысына неліктен әуе техникасы қолданылмағанын түсіндірді
Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин Іле Алатауы бөктерінде қаза тапқан Ерман Бәйменовтің отбасына қолдау білдіре отырып, неліктен бірден әуе техникасы қолданылмағанын түсіндірді. Құтқарушылар марқұмды екі тәулік бойы іздеп, тапқан соң бірнеше сағат бойы қолмен көтеріп жүргенімен, құтқара алмады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
ОКҚ-да өткен брифинг барысында министр Юрий Ильин Іле Алатауы тауларында қаза тапқан Ерман Бәйменовтің отбасына көңіл айтты.
«Оны көріп тұрып, құтқарған жоқ» деп жазған БАҚ-тарға, әсіресе, жағымсыз ақпарат көп жазатын блогерлерге айтарым: Республикалық жедел құтқару жасағы мен Алматы қаласы әкімдігінің құтқару қызметінің жедел топтары күндіз-түні іздеу жұмыстарын тоқтатқан жоқ.
Ол ұялы телефонының геолокациясынан бір шақырым жерден табылды. Бүгінгі күні оның және біздің құтқарушылардың дыбыстарды, айқайларды естігені туралы ақпаратты растайтын фактілер жоқ. Оны тауып алғанда аяғы үсіп қалыпты, жіп тәрізді импульс болды», - деп атап өтті Юрий Ильин.
Министр сонлай-ақ неліктен әуе техникасының қолданылмағанына тоқталды.
«Іздеу жұмыстары барысында екі күн бойы тікұшақты бірнеше рет ұшыруға тырыстық. Бірақ Қазақстан аумағында бәріне ортақ бірыңғай авиациялық қауіпсіздік қағидалары бойынша «Қазавиақұтқару» бөлімшелеріне құтқару жұмыстарын жүргізу үшін Алматы қаласының әуежайынан ұшуға рұқсат берілмеді.
Алайда, аспан іздеу аумағында ішінара ашық болса да, тікұшақ ұшып шығатын Алматы қаласында бұлттылық төмен, мұздану және тұман байқалды», - деді министр.
Ол сондай-ақ, құтқарушылардың ер адамды тапқан соң жолдың күрделілігіне байланысты бірнеше шақырым бойы қолмен көтеріп келгенін айтты.
«Біздің қызметкерлер бұл азаматты кеше сағат 15-ке қарай тапты, оны жеткізбек болдық. Оны асудың бойымен бір шақырымнан астам жер көтеріп жүріп, қолайсыз ауа райы жағдайында, күрделі рельефте 3 шақырымнан артық жерге тасымалдау керек болды.
Тиісінше, тапқаннан кейін оны жылыту бойынша барлық шаралар қабылданды, оны арнайы зембілдерге салып, жылы киіммен қамтамасыз етті, бірақ, өкінішке орай, құтқарушылар апаттар медицинасы орталығының кезекші бригадасына шыққан кезде дәрігерлер оның қайтыс болғанын айтты», - деп түсіндірді құтқару операциясының барысын министрлік басшысы.
Сондай-ақ ол Алматы мен Алматы облысында белсенді демалысты ұнататын жандарға шұғыл жағдайда кімді және қайдан іздеуді білу үшін маршрутты алдын ала жоспарлау және құтқару қызметінде тіркеліп отыру керек екенін ескертті.
Еске салсақ, 12 желтоқсан күні таңғы сағат 7-де Ерман Бәйменовтің тауға кетіп, қайтып оралмағаны туралы жазған болатынбыз. Қалыңдығы жас жігіттің тауға жалғыз кеткенін, себебі баратын бағытын жақсы білгенін, алайда қайтар жолда қараңғы түсіп кеткендіктен адасып қалғанын мәлімдеді. Ерман Бәйменов сол күні кешкі сағат 18.47-де төтенше жағдайлар қызметіне хабарласып, көмек сұраған.
Екі күн іздеген құтқарушылар 14 желтоқсан күні сағат 15.50-де 1985 жылы туған зардап шегушінің Құмбелсу өзенінің шатқалынан табылғанын хабарлаған.
35 жастағы ер адамды тапқан сәтте оның жағдайы аса ауыр болған. Өкінішке қарай, тау бөктерінен тасымалдау кезінде Ерман Бәйменов қайтыс болып кетті. Құтқару жұмыстары шамамен бірнеше сағатқа созылған.