Алматы облысында жолда қалған жүргізушілерге көмек көрсетілді
Тәртіп сақшылары аяз қарып, тоңған жүргізушілерді жылытып, оларға тамақ, жанармай әкеліп берген
Алматы облысының полицейлері аязды күні жолда қалған жүргізушілерге көмек қолын созды, деп хабарлайды Polisia.kz.
14 желтоқсанда сағат 09.00 шамасында Алматы облысы ПД патрульдік полициясы батальонының аға инспекторлары Азизжан Тохтиев пен Серікбай Әли қызмет көрсететін учаскені патрульдеу кезінде Алматы – Өскемен автожолының 124 шақырымында жол жиегінде тұрған «КамАЗ» жүк көлігіне назар аударған.
«Жүргізушілердің үш сағаттық үзілісі салдарынан көліктің жанар-жағармайының таусылғанын анықтаған тәртіп сақшылары өз әріптестерінің көмегіне жүгінген. Аяз қарып, тоңған жүргізушілерді жылытып, олардың тамақтануын ұйымдастырғаннан кейін, жүргізушілердің бірі полицейлермен бірге жақын маңдағы жанармай құю бекетінен жанармай әкелген», - делінген хабарламада.
Жол сақшыларының қамқорлығына дән риза болған жүргізушілер қолдан келген көмегін аямаған полицейлерге алғыстарын айтты. Қызмет атқаруларына келтірген кедергілері үшін кешірім сұрап, тәртіп сақшыларының істеріне береке тіледі. Осыдан кейін ғана олар Алматыға қарай сапарларын жалғастырды.