Алматыда екі күн бұрын тауда жоғалып кеткен ер адам табылды

Қазіргі уақытта аса ауыр халде табылған ер адамды таудан түсіру жұмыстары жүргізіліп жатыр

Екі тәулік бұрын тауда жоғалып кеткен ер адам бүгін, 14 желтоқсан күні сағат 15:50-де Құмбелсу өзенінің шатқалынан табылды. Қазіргі уақытта аса ауыр халде табылған ер адамды таудан түсіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ауа райының қолайсыздығына байланысты құтқару жұмыстары бірнеше сағатқа созылуы мүмкін. Бұл туралы ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Құтқарушылар 1985 жылғы ер адамды жаяу қауіпсіз жолмен Құмбелсу өзені арқылы өтетін көпірге тасымалдауда. Ол жерде жедел медициналық жәрдем бригадалары мен Апаттар медицинасы орталығының қызметкерлері күтіп тұр.

«Қазіргі уақытта ер адамның жағдайы ауыр. Оны тасымалдау жұмысы тәуліктің қараңғы мезгіліне және тау беткейінің қауіпті, тік болуына байланысты қиындады. Құтқару операциясына Республикалық жедел-құтқару жасағының 26 құтқарушысы жұмылдырылды. Құтқару жұмыстары шамамен бірнеше сағатқа созылады», - деді ТЖМ ресми өкілі Талғат Уәли.

Еске салсақ, 12 желтоқсан күні сағат 20.15-те Республикалық жедел-құтқару жасағына Титов көлінің маңында ер адамның жоғалып кеткені туралы ақпарат келіп түскен болатын.

«Республикалық құтқару жасағының құтқарушылары тәуліктің қараңғы мезгіліне және тау беткейінің қауіпті, тік болғанына қарамастан, жоғалып кеткен адамды іздестіру жұмыстарын белсенді жүргізді. Оқиға орнына жеке құрамның бірнеше тобы мен кинологиялық есептер қосымша жіберілді», - делінген хабарламада.

Жоғалған адам Горельник тауының жоғарғы жағынан, Титов асуынан, Титов көлінен, Терешкова асуынан, сондай-ақ Чукур жазығынан, Чукур асуынан, Күмбелсу өзенінің шатқалдарынан іздестірілді.

Соңғы геолокацияның орны Құмбелсу шатқалының ауданы болды.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.