Шұғыл26 қазаннан бастап Қазақстанға ұшып келген жолаушылардың бәрінде ПТР анықтамасы болуы керек

Қапшағайда полицейлер суицид жасамақ болған ер адамды екі рет құтқарып қалды (видео)

Біресе тамырын кесіп, біресе көпірден секірмек болған жігіт полиция қызметкерлерінің арқасында аман қалды

Алматы облысында тәртіп сақшылары 28 жастағы ер адамды екі рет өлім аузынан арашалап қалған. Біресе тамырын кесіп, біресе Алматы – Талдықорған тасжолының көпірінен секірмек болған жігіт полиция қызметкерлерінің арқасында аман қалды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Алматы облыстық полиция департаментіне сілтеме жасап.  

Оқиға 31 қазан күні Қапшағай қаласында болған. Тек біршама уақыт өткен соң жергілікті блогерлердің бірі ол жайында әлеуметтік желідегі парақшасына жазған екен. Белгілі болғандай, кешқұрым уақытта Қапшағай полициясының кезекші бөліміне тасжол бойындағы көпір жақтауына әлдебір адамның асылып тұрғаны туралы хабарлама түседі. Оқиға орнына дереу жеткен тәртіп сақшылары ақпаратты растап, ер адамды құтқарып қалу әрекеттеріне кіріседі.    

«Полицейлер жағдайды бірден саралап, ер адамды райынан қайтуға көндіре бастайды. Айта кетерлігі, ер адам қатты мас болған және сол сәтте көпірден секіруге бел байлап тұрған екен. Дегенмен, тиісті түрде әрекет етудің арқасында полиция қызметкерлері суицидтің алдын алып, адам өмірін құтқарып қала алды. Полицейлер әрекетін көпір астында тұрған ТЖ қызметкерлері мен полицияның қосымша күші барынша бақылап, көмек көрсетуге дайын тұрды. Нәтижесінде, ер адамды көпірден түсіріп, үйіндегі туыстарының қолына табыстады», – деп мәлімдейді ПД баспасөз қызметінен.   

Өзіне қол салмақ болған ер адам оқиғадан бірнеше күн бұрын әйелімен ажырасып, қолының тамырын кесіп тастаған екен. Дегенмен, дер кезінде жеткен полиция қызметкерлері оны ауруханаға жеткізіп, құтқарып үлгерген. Алайда әйелімен ажырасып, қатты күйзеліске түскен жігіт ауруханадан қашып шығып, тасжолдағы көпірден секіру арқылы өзіне тағы қол жұмсамақ болған екен. 

Осыған ұқсас жағдай қараша айында Қарасай аудандық «Асыл арман» тұрғын үй кешенінде де орын алған болатын. Ол кезде де шақырту бойынша жеткен тәртіп сақшылары бесінші қабаттың балконынан секіргелі тұрған жас жігітті құтқарып қалған еді.

Аталмыш іске қатысты видеоны оқиға куәгерлері әлеуметтік желіге жүктеген.