Қостанай облысында аяздан 5 адам зардап шекті
Аязда қалғандардың екеуі Рудный және Арқалық қалаларында емделіп жатыр
Өткен тәулікте Қостанай облысында саршұнақ аяздан бес адам зардап шекті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «Хабар 24» сайтына сілтеме жасап.
Аязда қалғандардың екеуі Рудный және Арқалық қалаларында емделіп жатыр. Ал қалғандары тұрғылықты мекенжайы жоқ жандар. Олар облыс орталығындағы аурухананың жарақат бөліміне түскен.
«Жалпы, алғашқы аяз түскелі медициналық көмекке жүгінгендердің саны екі-үш есеге артты», - дейді дәрігерлер.
Аяқ-қолын үсік шалғандардың басым бөлігі панасыз адамдар. Олар үшінші, төртінші дәрежелі тері үсігіне шалдыққан. Дерттің қатты асқынып кетуінен үшеуінің қол-аяқтарын кесуге тура келеді.
«Мұнда қазан айынан бері жатырмын. Түнде аялдамада ұйықтап қалдым. Оянғанда башпайларымның жансызданып қалғанын сездім. Қу арақтың кесірінен болды», – дейді емделуші Анатолий Алагузов.
«Қостанай қалалық ауруханасы тұрғылықты мекенжайы жоқтар үшін уақытша панаға айналғандай. Алғашқы аяз кезінде үсік шалғандар осында жеткізіледі. Олар емдеу мекемесінде көктемге дейін жатады», – деді облыстық аурухананың баспасөз хатшысы Ксения Барабанова.