ШұғылӨткен тәулікте қанша адамның коронавирус жұқтырғаны белгілі болды

Каспийде жабайы үйректерді қайықпен басып өткендердің видеосы: кінәлілер ұсталды

Жұрттың ашу-ызасын туғызған балықшылардың әрекетіне қатысты Экология министрлігі де пікір білдірді

Фото: ашық дереккөзден

Маңғыстау облысында белгісіз біреулер су бетінде жүрген үйректер үйірін моторлы қайықпен аяусыз басып-жаншып өткен. Қаскөйлердің қатыгез әрекеті түсірілген видеоны жергілікті блогер Азамат Сәрсенбаев әлеуметтік желіде жариялады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Бейнекадрларда Каспий теңізінде асқан жылдамдықпен келе жатқан моторлы қайық су бетінде қалың үйірімен жүрген жабайы үйректердің үстінен қасақана басып-жаншып өте шығады. Видеода қайық соңында ондаған құстың өлігі шашылып қалған судың қып-қызыл қанға боялғаны анық көрінеді.   

«Үйректерге обал-ай. Осындай қатыгез жандарды тауып, қатаң жазалау керек. Олар итбалықты ұрып-соғып, итті тоңазытқыштың есігімен тұншықтырған қаскөйлерден де жаман. Видеодағы оқиға Форт-Шевченко маңында болған болуы керек. Сол жабайылардың орнында болсам, табиғаттың мынадай сұлу жаратылысын тамашалап, дүйім жұртты таңдай қақтырар ерекше кадрлар немесе роликтер түсіріп жүрер едім. Өмірге деген әркімнің көзқарасы мен құндылықтары әртүрлі болады екен ғой...», - деп өкініш білдіреді блогер өз жазбасында.  

Алдын ала болжам бойынша қайықта жергілікті балықшылар болған көрінеді.

Жұрттың ашу-ызасын тудырған аталмыш бейнекадрдлар жария болған соң көп ұзамай ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі пікір білдіріп, мұндай бассыздыққа жол бергендердің жазаланатыны туралы айтты. 

«Экология министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті мән-жайды анықтап, жеке тұлғаларды табу үшін видеоны ІІД-ге жіберді. Бірлесе отырып жеке тұлғаларды жедел анықтап, заң бойынша жазалаймыз деген үміттеміз», - деді Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің қоғаммен байланыс департаментінің директоры Самал Ыбраева.

Бүгін Маңғыстау облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі жабайы үйректерді аяусыз жаншып өткен балықшылардың жеке тұлғасы анықталғанын хабарлады.

«Полиция департаментінің қызметкерлері видеодағы адамдардың жеке тұлғасын анықтады. Қазір екі жас жігіт Түпқараған аудандық полиция бөлімшесінде түсінік беруде, олармен тергеушілер жұмыс істеп жатыр», - делінген баспасөз хабарламасында. 

Аймақтық ПД мәліметінше, оларға ҚР Қылмыстық кодексінің «Жан-жануарларға қатыгездік көрсету» бабы бойынша жаза қолданылуы мүмкін. Аталмыш бапта айыптыларға 500 АЕК-ке дейін айыппұл салу немесе түзеу мекемесіне қамау жазасы қарастырылады.