Қызылордада жантүршігерлік жол апатынан бір үйдің екі баласы қайтыс болды
20 жастағы жүргізуші аялдамада тұрған бір топ адамды басып кеткен
Көлікті тізгіндеген жас жігіт қазір қамауға алынды. Ал, көлік астында қалған адамдардың үшеуі сол жерде көз жұмса, екеуін жедел жәрдем ауруханаға алып кеткен деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі облыстық Полиция департаментіне сілтеме жасап.
Қайтыс болған үш адамның екеуі кішкентай ұл мен қыз, олар 5 және 3-сыныпта оқитын бір үйдің балалары деп жазды Zakon.kz. Оқушылар мектепке бару үшін аялдамада автобус күтіп тұрған екен. Көз жұмған үшінші адам – 42 жастағы жергілікті тұрғын.
Сондай-ақ, жарақат алған екі адам да кішкентай балалар, олар қазір аурухананың жансақтау бөлімінде жатыр деп хабарлады «Хабар-24» телеарнасы. Дәрігерлер оларды операцияға дайындап жатыр.
3 адамның өліміне себепкер болған 20 жастағы жүргізушіні полицейлер дереу ұстап, қамауға алды. Оның үстінен 345-бабының 4-бөлігімен (Көлiк құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы) сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстары жүргізілуде.
Айта кетейік, 21 қараша күні таңертең Қызылордада Toyota Camry маркалы автокөлік алдымен Mercedes-Benz көлігіне соқтығысып, кейін жоғары жылдамдықпен аялдамадағы адамдарды басып кеткен болатын.