Франциядағы мұғалім өлімі: тағы 5 адам ұсталды
Мыңдаған тұрғынның ашуын туғызған оқиға бойынша қылмыстық іс әлі жабылар емес

Францияның терроризмге қарсы полиция бөлімшесінің (SDAT) қызметкерлері Париж маңындағы тарих пәнінің мұғалімі Самуэль Патидің өліміне қатысты тағы 5 адамды ұстады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
LeParisien газеті берген ақпарат бойынша, 18-21 жас аралығындағы жастар қараша айында мұғалімге шабуыл жасаған Абдулах Анзоровпен байланысқа түсті деген күдікке ілінді. Олардың барлығы, Анзоров сияқты, шешен ұлтының өкілдері, деп хабарлайды газет. Жастарды ұстау операциясы Жоғарғы Луара және Приморский Сена департаменттерінде өтті.
Жалпы, оқытушыны өлтіру ісі бойынша 14 адам жауапқа алынған, олардың бесеуіне қылмысқа қатысы бар деген айып тағылды.
Еске салайық, қайғылы оқиға 16 қазанда Париж маңында болған. Мұхаммед пайғамбарға арналған карикатурамен сабақ өткізгені үшін Абдулах Анзоров мұғалімнің басын кесіп алған. Полиция қылмыс жасаған шешен азаматын атып өлтірді.
Мұғалімнің өліміне себеп болған шешен азаматы 2002 жылы Мәскеуде дүниеге келген, Францияда босқын мәртебесін алған.
Бұл оқиға мыңдаған француздың көшеге шығып, наразылық жасауына түрткі болды. Жаппай наразылық акциялары Францияның бірнеше қаласында өтті.
Кісі өлтірген жігіттің денесі Шешенстанда жерленді.
Сымбат Ғалымжан, Нұр-Сұлтан