Алматы облысында үстелді тоқпақтаған бас дәрігер жазаланды
Нұрлан Құлсейітов тұрғындармен кездесу кезінде өзіне қойылған сұраққа айғаймен жауап беріп, жиналыстан кетіп қалған

Талғар орталық аудандық ауруханасының бас дәрігері Нұрлан Құлсейітовтің үстінен жазылған шағымнан кейін арнайы тексеріс жүргізілді. Облыстық Денсаулық сақтау басқармасының өкілдері ашушаң басшыға қатысты тексерістің қортындысын жариялады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Бас дәрігердің этикалық нормаларды сақтауы мен кәсіби мінез-құлқы да тексерілген.
«Басқарманың 2020 жылғы 17 карашадағы № 394-І «Қызметтік тексеріс жүргізу туралы» бұйрығы негізінде комиссия құрылды. Тексеріс барысында осы медициналық ұйымның басшысына қатысты «Қатаң сөгіс» түрінде тәртіптік шара қабылдау туралы шешім қабылданды», - деді Алматы облысы Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Ләйлім Әубәкірова.
Еске салсақ, Талғар ауданы орталық ауруханасының бас дәрігері мен әкімдіктің өкілдері дәрінің жетіспеушілігі, медициналық қызметтің сапасы тақырыбында тұрғындармен кездесу өткізген. Халықтың өзіне қойған сұрағын көтере алмаған бас дәрігер үстелді тоқпақтап, айғайға басқан еді. Ашулы бастық сол күйі жиналысты тастап шығып кеткен.
Әмірболат Құсайынұлы, Алматы