Петропавлда 7 жылдан бері іздеуде жүрген әйел ұсталды
Күдіктіге қатысты сотқа дейінгі тергеу басталды

Петропавл қаласында 2013 жылы есірткіге қатысты қылмыс жасап, 7 жыл бойы іздеуде жүрген 61 жастағы әйел ұсталды. Күдікті героин сатумен айналысқан. Қылмысы әшкере болғаннан кейін ол жылдар бойы туыстарының үйінде жасырынып өмір сүріп келген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі СҚО Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Петропавл қалалық Полиция басқармасының криминалдық полиция бөліміне 2013 жылдан бері қылмыстық іздеуде жүрген әйелге қатысты жедел ақпарат түскен. Тәртіп сақшылары бірден көрсетілген мекенжайға барып, есірткі қылмысына қатысты күдіктіні Жұмысшы кентіндегі үйлердің бірінде қолға түсірген.
2012 жылы Петропавлда полицейлер есірткі, оның ішінде героин сатумен айналысқан облыс орталығының тұрғынына қатысты қылмыстық істі тергейді. Тергеу барысында есірткі қылмысына оның анасы – 1959 жылы туған әйелдің қатысы болуы мүмкін деген дерек анықталады. Алайда, ол жолы тәртіп сақшылары әйелді таппай, орнын сипап қалған еді. Соңғы жеті жыл бойы оның қайда жүргені белгісіз болды.
«Әйел қылмыстық жауапкершіліктен жалтару үшін 2012 жылы Қостанайдағы туыстарына қашып, сол жақтан пана тапқан. Петропавлға қайтып келгеніне 4 жылдан асыпты. Осы аралықта Жұмысшы кентіндегі туыстарының бірінің үйін жағалаған. Полицейлердің көзіне түспеу үшін ешқайда шықпай, тығылып өмір сүргені анықталды. Танысында жұмысы болып, сонымен кездеспек болған қашқынды тәртіп сақшылары бірден ұстаа алды», - дейді Петропавл қалалық ПБ криминалдық полиция бөлімі бастығының орынбасары Жасұлан Балдиков.
Қазір әйел уақытша ұстау изоляторында қамауда отыр, күдіктіге қатысты сотқа дейінгі тергеу басталды. Ол есіркті сатқаны ғана емес, қылмысы үшін заң алдында жауап беруден жалтармақ болғаны үшін де жауап бермек.
Эльмира Мәмбетқызы, СҚО