$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
05.12.2020, 02:24
Оқиғалар

Түркістан облысында жайылымдағы жылқыны атып өлтіріп, етін сатпақ болғандар ұсталды

Полиция қызметкерлері күдікті екі жас жігітті қылмыс үстінде қолға түсірді

 

Түркістан облысында жайылымдағы жылқыны атып өлтіріп, етін сатпақ болғандар ұсталды

Түркістан облысының полицейлері жайылымда жүрген жылқыны атып алып, етін сатпақ болған күдіктілерді қылмыс орнында ұстады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Оқиға Созақ аудандық полиция басқармасының ЖПҚ учаскелік полиция инспекторы полиция майоры Қанат Бұрышов, полиция капитаны Фарход Айтишев және полиция аға лейтенанты Мұхтар Бековтің көшелер мен қоғамдық орындарда құқықтық тәртіпті сақтау, қылмыстардың жолын кесу және жол қозғалысын реттеу мақсатында күнделікті қызметін атқарып жүрген кезінде болған.

Полиция қызметкерлері түнгі сағат 23:30 шамасында өздеріне бекітілген учаскелік аймақты патрульдеу кезінде қатты жылдамдықта келе жатқан «Ауди» маркалы көлікті тоқтатады. Алайда көлік жүргізушісі тоқтамай, заңды талапқа бағынбайды. Соңынан қызметтік көліктерімен ілесіп жүрген полицейлер жүк қорабына ауыр жүк артылғанын байқайды. Осылайша, полицейлер күмәнді көліктің қашып кетуіне кедергі туғыза отырып, тоқтатады. Көлікті тексеру барысында жүк қорабынан жаңа сойылған жылқының еті және аңшы мылтығы табылды.

«Тергеу барысында анықталғандай, екі туыс жігіт алдын ала сөз байласып, жайылымда қараусыз жүрген жылқыны қарумен атып алып, сол жерде сойып, етін көлікпен базарға апарып сатпақ болған. Алайда, тәртіп сақшыларының кәсіби шеберліктері мен қырағылықтары арқасында күдіктілер анықталып, етті сатып үлгермеді. Олар өз кінәларын толық мойындады. Осылайша, күдікті екі жас жігіт қылмыс үстінде ұсталды. Олар жұмыссыз жүрген жергілікті тұрғындар болып шықты. Айғақты зат ретінде жылқының еті мен тіркелмеген 16 калибрлі аңшы мылтығы алынды», - делінген ПД хабарламасында.

Тәртіп сақшылары тез арада іздестіру жұмыстарын жүргізіп, жылқының кімге тиесілі екенін анықтады. Жылқының етін тәркілеп алып, заңды иесіне қайтарды. Сондай-ақ тергеу барысында жас жігіттердің қыркүйек айында жергілікті тұрғынның буаз жылқысын жайылымда атып алып, етін сатып жібергені белгілі болды. Күдіктілер қамауға алынды. Қазіргі таңда ҚР ҚК-нің 188-1-бабы «Мал ұрлығы» бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Серіктес жаңалықтары