Шұғыл26 қазаннан бастап Қазақстанға ұшып келген жолаушылардың бәрінде ПТР анықтамасы болуы керек

Танымал әншінің қатысы бар ма: Шымкентте 3 баланың анасы сотталды

Сот абайсызда адам өлтіріп алған үш баланың анасын 2 жылға бас бостандығынан айырды

Жалдамалы пәтерде адам өлтірді деп айыпталған келіншек сот залынан қамауға алынды. Шымкент қаласының Әл-Фараби аудандық сотында бірнеше ай бойы қаралған істе әйелдің кінәсі дәлелденіп, сотты болды. Бір қызығы, сотталушы сот процесі барысында бұл іске композитор, әнші Марат Омаровтың да қатысы барын айтқан болатын, деп жазады Отырар.кз сайты.

Күдіктінің сөзінше, ол танымал әншімен жалдамалы пәтерге бірге барып, көңіл көтерген. Тіпті, «Марат Омаровпен төсектес болдым» деген. Тергеу кезінде екеуінің бірге қандай мекен-жайдағы пәтерге барып, не ішкеніне дейін айтып берген еді. Ал әнші Марат Омаровтың өзі ол келіншекті танымайтынын айтып, азар да безер болды.

«Мүлде білмеймін. Мұндай кісінің аты-жөнін алғаш рет естіп тұрмын. Танымаймын. Мүмкін, менімен жай суретке түскендердің бірі шығар», – деп пікір білдірді әнші Марат Омаров.

Алайда, тергеу кезінде айтқан өз сөзін келіншек соңғы сот отырысында жоққа шығарды. Айтылған сөзінің бәрі жай қиялдан туғанын алға тартты.

«Мен өткен жолы да айттым ғой. Ол менің қиялым ғана болған. Марат Омаровты танымаймын», – деп айтақнынан танып шықты келіншек.

Айта кетейік, қайғылы оқиға 26 маусымда болған еді. Екі келіншек тәулікке жалға берілетін пәтерде танысқан. Алғашында көңілді басталған отырыс соңында ащы судан ұрттап алған қос келіншек ол жерде кімнің түнеп шығатынын айтып, дауласып қалады. Даудың соңы адам өлімімен аяқталады. Сот абайсызда адам өлтіріп алған 3 баланың анасын екі жылға бас бостандығынан айырды.

«Сот күдіктіні 2 жылға бас бостандығынан айыру туралы шешім қабылдады. Айыпталушы жауапқа тартылып отырған заңның бабы 4 жыл бас бостандығынан айыруды көздейді. Алайда, қылмыстың аса ауыр түріне жатпайтынын ескеріп, сондай-ақ, абайсызда жасалғандықтан, оған екі жыл бердік. Айыпталушының кәмелетке толмаған үш баласы бар екені, бұрын сотты болмағаны және кінәсін толық мойындағаны жағдайды жеңілдетті», – деді Шымкент қаласы Әл-Фараби аудандық сотының судьясы Талғат Қаһаров.

Сотталушы келіншектің кәмелетке толмаған 3 баласы әкелерінің қарауында қалды.