Тараздағы зорлық: Білім басқармасының басшысы өз еркімен қызметінен кетті
Жамбыл облысының Білім басқармасына екі жарым жылдай жетекшілік еткен Рахия Тұрмағанбетова жұмысынан кетті

Жамбыл облысының Білім басқармасы басшысыз қалды. Тараздағы қоғамдық дау туығызған жағдайдан кейін шенділердің қызметтен шеттетілуі жалғасып жатыр. Осы салаға екі жарым жылдай жетекшілік еткен Рахия Тұрмағанбетова жұмысынан кетті, деп хабарлайды КТК арнасы.
«Облыстық білім басқармасының басшысы біріншіден педагог, екіншіден өзінің моральдық тұрғыдан жауапкершілігін сезініп, өз еркімен өтініш берді, өтініші қанағаттандырылды. Қалалық білім бөлімінің басшысының 5 қарашадан еңбекке жарамсыздық парағы бар, қалай жұмысқа шығады, солай өзінің өтінішімен жұмыстан кетеді», – деді Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Сұлушаш Құрманбекова.
Күні кеше ғана мектеп директоры мен орынбасары және 3 маман қызметтен шеттетілген еді. Құзырлы орынның лауазымды тұлғалары да жазасыз қалмады. Тараз қалалық жергілікті полиция басқармасы бастығы мен тағы 3 бөлім басшысына қатаң сөгіс берілді. Қос сала өкілдерінің жаппай жұмыстан кетуі мен жазаға тартылуына мектеп оқушысының педофилден жәбір көруі себеп болды.
Еске салсақ, осыдан төрт күн бұрын Таразда мектеп оқушысы әжетханада зорланған еді. Күдікті екі сағаттан кейін ұсталып, қамауға алынды. 36 жастағы қаскөй бұған дейін де адам зорлағаны үшін істі болған. Енді ол өмір бойына түрмеге жабылуы мүмкін.
Айта кетейік, сыртқа шығып келуге сұранған 7-ші сынып оқушысын пән мұғалімі сабақ аяқталғанша іздемеген. Ауланы аш қасқырдай бір сағат бойы кезіп жүрген күдіктіні мектеп инспекторы мен вахтер де аңғармапты. Себебі, екеуі де жұмыс орнында болмаған дейді жауаптылар.