$ 523.2  594.3  6.38
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
20.11.2019, 15:48
Оқиғалар

СҚО-дағы ірі шаруашылықтардың бірінен 170 миллион теңге ұрланды

Күдікті төрт жігіт оқиға орнынан қашып үлгерген

СҚО-дағы ірі шаруашылықтардың бірінен 170 миллион теңге ұрланды

Солтүстік Қазақстан облысына қарасты Ақжар ауданында орналасқан «Талшық астық LTD» серіктестігіне қарақшылық шабуыл жасалды. Аңшы мылтығына ұқсас қару асынған төрт күдікті элеватор басшысын қорқытып, 170 миллион теңгеден астам қаржы мен екі ұялы телефонды алып кеткен, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қылмыстық оқиға 19 қараша күні сағат 19:15-те тіркелген. «Lexus» маркілі автомобильге мінген 4 күдікті бейнебақылау камерасына түсіп қалған. Көліктің мемлекеттік номері алынып тасталған.

«Аталған факті ҚР Қылмыстық кодексінің 192-бабының 4-бөлімі «қарақшылық» бойынша сотқа дейінгі тергеу тізіміне енгізілді. Бұл өрескел қылмыс СҚО Полиция департаментінің бастығы полиция полковнигі Марат Төлебаевтың және облыстық прокуратура басшысының бақылауына алынды», - делінген облыстық ПД баспасөз қызметі таратқан хабарламада.

Жедел-тергеу амалдарына облыстық Полиция департаменті барлық қызметкерлері, патрульдер мен жасақтар шақырылды.

«Талшық астық LTD» - Солтүстік Қазақстан облысындағы ең ірі элеваторлардың бірі. Нысанның сыйымдылығы 100 мың тонна астықты құрайды. Оған жергілікті фермерлермен қатар, Ақжардың іргесіндегі Уәлиханов, Тайынша аудандарының диқандары өз өнімдерін әкеледі. Ресей Федерациясының Омбы облысында да «Талшық астық LTD» серіктестігімен жұмыс істейтін шаруа қожалықтары бар. Элеваторға астық сатып алу мақсатында Иран, Ауғанстан сынды шет елдерден де кәсіпкерлер келеді. 

Тәртіп сақшыларының болжамында бизнес объектісіне қарақшылық шабуыл арнайы жоспар бойынша ұйымдастырылған. Қылмысты ашу мақсатында республикалық маңызы бар жолдар бақылауға алынды.

Эльмира Мәмбетқызы, СҚО

Серіктес жаңалықтары