ШұғылҚазақстанда коронавирус жұқтырғандар саны 170 мыңға жуықтады

БҚО-да ақбөкен аулаған браконьерлер ұсталды

Киіктерді заңсыз аулаумен және мүйізін өткізумен айналысқан екі қылмыстық топ әшкереленді

 

Батыс Қазақстан облысында ақбөкен аулаған браконьерлер ұсталды, деп хабарлайды Polisia.kz.

Қазақстан Республикасының Президенті браконьерлік үшін жауапкершілікті қатаңдату жөнінде шұғыл шаралар қабылдауды тапсырды. Мемлекет басшысы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында браконьерліктің ұйымдасқан қылмыстың аса қауіпті түріне айналғанын, браконьерлердің жақсы жабдықталып, қаруланғанын, өздерінің жазасыздығын сезінетінін атап өткен еді.

Қазіргі таңда Ішкі істер министрлігі браконьерлікпен күресте кешенді шаралар қабылдауда.

«Мәселен, ІІМ Криминалдық полиция департаменті Батыс Қазақстан облысының Полиция департаментімен бірлесіп, 2019 жылдың қыркүйегінен бастап 2020 жылдың мамыр айына дейін облыс аумағында киіктерді заңсыз аулаумен және олардың мүйізін өткізумен айналысқан екі қылмыстық топты әшкереледі. Қылмыстық жауапкершілікке 11 адам тартылды», - делінген хабарламада.

Тергеу барысында полиция қызметкерлері 700-ден астам киік мүйізін, тоғыз бірлік атыс қаруын, жеті жол талғамайтын автокөлікті, екі қарда жүргіш пен екі мотоциклді, түнде көру құралдарын және ұйымдасқан қылмыстық топ пайдаланған басқа да заңсыз заттарды тәркіледі.

«Ақбөкендерді жою нәтижесінде мемлекетке 700 млн теңгеден астам шығын келтірілген», - делінген ПД хабарламасында.

Аталған фактілер бойынша ҚР ҚК 337-бабы (Заңсыз аңшылық), 339-бабы 2-бөлігі 2-тармағы (Өсімдіктердің немесе жануарлардың сирек кездесетін және құрып кету қаупі төнген, сондай-ақ пайдалануға тыйым салынған түрлерімен, олардың бөліктерімен немесе дериваттарымен заңсыз айналысу) және 262-бабы (Ұйымдасқан топ, қылмыстық ұйым құру және оларға басшылық ету, сол сияқты оларға қатысу) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерулер жүргізілуде.