ШҚО-да жалған анықтама сатқан емхана қызметкерлері ұсталды – ҰҚК
Кінәлілерге 1000 АЕК көлемінде айыппұл салынды
Ұлттық қауіпсіздік комитетінің ШҚО бойынша департаменті ҚР шекарасын заңсыз өтуге қолданылатын жалған дәрігерлік консультациялық комиссия (ДКК) қорытындысын сатуды ұйымдастырған «Ж» жеке медициналық орталығының қызметін тоқтатты.
18 қыркүйекте жедел-іздестіру шараларын асыру барысында, жалған ДКК қорытындысын бақылау-сатып алу нәтижесінде аталған медициналық орталық қызметкерлерінің заңсыз әрекеті расталды.
«Жедел-тергеу шаралардың нәтижесінде алдында берілген 200-ге жуық ДКК қорытындысы, дәрігерлердің қолы мен таңбасы қойылған толтырылмаған бланкілер, таңбалар және компьютерлік техника табылып, тәркіленіп алынды. Куәгерлерден жауап алу нәтижесінде, ДКК қорытындыларының түпнұсқалары алынып, сәйкес экспертизаға жолданды.
Белгілі болғандай, медициналық орталықтың директор орынбасары мен бас дәрігері 5 мың теңге ақшалай сыйақы үшін жалған ДКК қорытындыларын тұлғаларға сатып отырған. Сонымен қатар, шетел медициналық мекемесінен шақыру қажет болған жағдайда, қызмет бағасы 10 теңгеге бағаланды», - делінген ҰҚК баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.
Аталған факт бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 385-бабы 1-тармағы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдіктілер кінәсін толығымен мойындаған.
19 қарашада сот күдіктілерге қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 385-бабы 2-тармағы бойынша кінәлі деп тауып, әрқайсысына 1000 АЕК көлемінде айыппұл тағайындалды.
ҰҚК баспасөз қызметінің хабарлауынша, соңғы уақытта түрлі әрекеттерді қолданып, ҚР – РФ шекарасын заңсыз өтуге талпынғандар байқалып отыр. Қыркүйектен бастап жалған анықтамамен шекарадан заңсыз өтуге байланысты ШҚО-да 3 тұрғынның әрекеті тоқтатылды.