Алматыда жас жігіт клиенттің автокөлігін ұрлап, Шымкенттегі сүйіктісімен кездесуге кеткен
Жәбірленуші әйел автокөлігін жуғызуға тастап кеткен екен
Алматыда автомобиль жуу орталығында жұмыс істейтін жас жігіт клиенттің көлігін ұрлап, Шымкентке кетіп қалған деп хабарлайды қалалық Полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Полицейлерге 16 қарашада 62 жастағы әйел арызданып, Toyota маркалы автокөлігінің ұрланғанын айтқан. Анықталғандай, зейнеткер көлігін химиялық тазартудан өткізу үшін бір күн бұрын аталған орталыққа тастап кеткен екен. Ертесіне алып кетуге келгенде ұрланғанын бірден білген.
Полицейлер күдіктінің кім екенін дереу анықтады. Ол Талғар ауданының 1991 жылғы тумасы болып шықты, осы көлік жуу орталығында жұмыс істейді екен.
Іздеу шаралары барысында жас жігіттің Шымкентте жүргені анықталды. Тәртіп сақшылары оны дереу ұстап, көлікті иесіне қайтарды. Сұрау барысында күдікті Шымкенттегі сүйіктісімен кездесу үшін автокөлікті ұрлап кеткенін айтқан.