Шу ауданында қарақшылар кәсіпкерді қарумен қорқытып, ақша талап еткен
Аталған фактіге қатысты сотқа дейінгі тергеу басталды

Жамбылдық полиция қызметкерлері Шу ауданы кәсіпкерлерінің біріне қарақшылық шабуыл жасағаны үшін облыстың 29 және 34 жастағы екі тұрғынын ұстады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
15 қарашада 49 жастағы тұрғын полицияға атыс жарақатымен жүгініп, түнде медициналық бетперде киген белгісіз екі адамның үйдің ауласына кіріп, қару кезеніп, ақша талап еткенін хабарлаған.
«Үй иесінің үнсіздігі, сондай-ақ кенеттен отбасы мүшелерінің үйге оралуынан есі шыққан қарақшылар оқиға орнынан қашып кетпек болған. Қудалаудан қорыққан олардың біреуінің атқан оғы үй иесіне тиген. Күдікті ретінде облыстың 29 және 34 жастағы 2 тұрғыны ұсталды. Аталған дерекке қатысты ҚР ҚК 192-бабы 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды», - делінген облыстық ПД баспасөзь қызметінің мәлімдемесінде.
Күдіктілер өз кінәсін мойындап, қамаққа алынды. Қару тәркіленіп, бірқатар сараптамалар тағайындалды.