Амандық Баталов тойхана салатындармен «соғыс» бастады
Нұр-Сұлтанда аймақтың 10 айдағы дамуы туралы есеп беріп жатқан Алматы облысының әкімі Амандық Баталов өңірдегі экологиялық проблемаларға қатысты пікір білдірді
Дәлірек айтсақ, 2019 жылдың тамызында Талғар ауданында ағаштарды сүріп, орнына құрылыс жүргізбек болғандарға қарсы шығып жүрген белсенді Галина Арзамасованы атып кеткен болатын. Оған оқ атқан Талғар ауданына қарасты Панфилов ауылдық окрурігінің әкімі Нұрғали Аппазов.
Амандық Баталовтың айтуынша, қазір ауыл әкімі кепілдікпен уақытша қамау изоляторынан шыққан.
«Бұл оқиға Алматы облысының абыройына кір келтіргені рас. Осы оқиғадан кейін Алматы облысы полиция департаментінің басшысына тапсырма беріп, жеке бақылауына алғыздым. Олар бірнеше күннің ішінде округ әкімін ұстап, қамаған, бірақ, кепілдікпен уақытша босатылды. Ол дегеніміз – жазадан құтылады деген сөз емес. Тергеу біткен соң тиісті жазасын алады», - деді Амандық Баталов.
Журналистердің осы сұрағына жауап берген Алматы облысының әкімі тағы бір проблеманың басын ашты. Алматы облысындағы ағашы биік, табиғаты тамаша орындарда заңсыз жолмен құрылыс жүргізігісі келетіндер көп дейді.
«Мен Панфилов ауылдық округіне барып, жаңа әкімге тұрғындармен тығыз жұмыс істеуді тапсырдым. Тұрғындар көтерген мәселелерді әділетті, тек кездесіп, шешу керек еді. Мектеп салынады деген жерді сақтап қалдық. Аймағымызда жалпы «жасыл белдеу» мәселесі бар. Қазір облысымыздың аудандарында, әсіресе, Алматы қаласының шетіндегі Қарасай, Қаскелең, Талғар тас жолдарының жоғарғы жағындағы жерлер қатты «сұранысқа» ие. Сол орындарға біреу «тойхана» салғысы келеді, тағы бірі басқа құрылыс жүргізгісі келеді. Бірақ, біз прокуратурамен тығыз жұмыс істеп, оларға қарсы шығамыз», - дейді әкім.
Әкім түсіндіргендей, «қызыл сызық» пен «түсу сызық»деген ұғымдар бар. «Қызыл сызық» дегеніміз, құрылыс салуға мүлде тыйым салынған аумақтар.
«Ал, «түзу сызықты» бұзу дегеніміз – үйлердің бір сызықтан аспауы. Осы жұмыстың бәрін реттеп жатырмыз», - дейді әкім.
Кенжекей Тоқтамұрат, Нұр-Сұлтан