Павлодарда әйеліне қол көтерген ер адамға хаттама толтырылды
Биыл облыс көлемінде 2514 әкімшілік құқықбұзушылық жасалған
16 қарашада Павлодар полициясына жергілікті тұрғын жүгініп, бірге тұратын ер адам жанжал шығарғанын айтты. Көрсетілген мекенжайға келген полиция қызметкерлері отбасындағы ұрыстың соңы төбелеске ұласып, ер адамның әйелге қол көтергенін анықтады. Бұл туралы pavlodarnews.kz хабарлайды.
Тәртіп бұзушыға қатысты Әкімшілік кодекстің 73-бабы (отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқыққа қарсы іс-әрекеттер) бойынша хаттама толтырылды.
Павлодар облысы полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Жасқайрат Қайыровтың айтуынша, ата-аналар мен балалар, ерлі-зайыптылар арасында туындаған жанжал туралы хабарлама полицияға күн сайын жетеді екен.
«Осы жылдың өткен кезеңінде Павлодар облысының аумағында отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласында 2514 әкімшілік құқықбұзушылық жасалды. Егер де зорлық-зомбылықтың құрбаны болсаңыз немесе басқа адамға қатысты зорлық-зомбылықтың куәсі болсаңыз, дереу полицияға хабарласыңыз», - дейді Жасқайрат Қайыров.