«Бомба қойылған»: Алматыда қалжыңдамақ болған жігіт сотталды
Ол 2,6 жылға бас бостандығынан айырылды

Алматыда жалған хабарлама берген жігіт сотталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Масаң күйде телефонмен қоңырау шалған қала тұрғынын сақшылар бірден анықтап, ұстаған. 30 жастағы жігіттің үстінен ҚР ҚК 273-бабымен іс қозғалып, Бостандық ауданының №2 аудандық сотында қаралған еді. Соттың үкімімен М. қылмыстық-атқару жүйесінің орташа қауіпсіз мекемесінде жазасын өтейді. Ол 2 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды.
«Сотпен анықталғаны, 2020 жылдың шілде айының ортасында, М. жұмыста жүргенде, спирттік ішімдік ішкен. Содан соң М. өзінің ұялы телефонынан мас күйінде 112 «Құтқару қызметінің» пультіне қоңырау шалып, терроризм актісі туралы, яғни әкімшілік ғимаратына жарылғыш зат салынғаны туралы жалған ақпарат берген.
Тамыз айының 10 жұлдызында кешке мас күйінде «Алматы қаласы ПД» 102 пультіне қоңырау шалып, Алматы қаласы Бостандық аудандық полиция басқармасының ғимаратына жарлығыш зат қойылған деп терроризм актісі туралы жалған ақпарат берген. Өзінің қылмыстық әрекеттерімен Алматы қаласының мемлекеттік және құқық қорғау органдарына барлығы 124 079 теңге сомасында материалдық шығын келтірген»,- деп хабарлады Алматы қалалық сотының баспасөз қызметі.
М. есімді азамат кінәсін мойындап, өзінің өкінетінін айқанымен, сот оны кешірген жоқ.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.