Алматыда алаяққа алданғандар баспанасыз қалды
Қазіргі уақытта күдіктіден жәбір шеккен 8 адам полицияға арызданып отыр
Адамдарға алмаған қарызды «алды» деп қолхат жаздырып, кейіннен жалғыз үйін тартып алған риелтордың кесірінен біраз адам жәбір көрген, деп хабарлайды «Хабар 24».
Алданғандар ауылдағы ескі пәтерді місе тұтуға мәжбүр. Ал бірнеше жыл бұрын қалада өз үйлері болған. Павел мен Галина қаладағы үлкен үйін «үстіне ақша қосып беремін» деген соң, осы пәтерге ауыстырады. Олар алаяқтардың тұзағына қалай түскендерін байқамай қалған. Бірі келісімшартқа қол қойған соң уәде етілген 20 мың долларды бермей қояды. Екінші бір адам «көмектесемін» деп ерлі-зайыптыларды қарызға батырып, кейін ақшасын талап етеді. Осылайша, олар бұл пәтерінен де уақытша айырылып қалады.
«Ол осы пәтерге жабысты да қалды. Алдап-арбап, қорқытып, мені қуып шықты», – дейді жәбірленуші Галина Люхтина.
«Менде ақша жоқ екенін біледі. Жұдырық жұмсады. Әйелімді күштеп оған да қолхат жаздырды. Осылайша, екеуіміз оған 3 миллион теңгеден астам қарыз болып шыға келдік. Сот орындаушылары арқылы пәтерді алып алды. Бірақ бір жерден қателік жіберіпті. Соттасып жүріп, пәтерімізді қайтарып алдық», – дейді жәбірленуші Павел Люхтин.
Сотта жеңіске жеткенше ерлі-зайыптылар темір контейнерде күнелтеді. Зорға қайтарып алған пәтеріне кіргенде көңілдері су сепкендей басылыпты.
Люхтиндер қарыздары үшін тағы да пәтерден айырылып қаламыз ба деп қорқады. Бірақ әділдік орнайды деген үмітте. Марина Карева да үрейлі. Ол да сол алаяқтың қармағына ілінген. Үш баланың анасы ауылдағы үйін қаладағы бір бөлмелі пәтерге ауыстырмақ болады. Құжаттарды рәсімдей бастағанда оның мүлкінің бұғатталғаны анықталады. Әйтсе де, сеніміне кіріп, бәрібір келісімшартты бекітуге көндіреді. Дегеніне жеткен соң, Маринаны шиеттей баласымен қуып шығады.
«Ол мүлікті қайта рәсімдеуден бас тартып, өзінің міндетін орындамай отыр. Маған не айтса да, мен бәрібір соттасып, әділдік іздеймін. Әрине, баларым үшін қорқамын. Бірақ үш баламмен пәтерден пәтерге көшіп жүре алмаймын. Маңдай теріммен тапқан ақшама алған үйімнен айрылып отырмын», – дейді енді бір жәбірленуші Марина Карева.
Ал Вакил Шамилов дүкенінен айрылуы мүмкін. Ол да қолхатқа асығыс қол қойыпты. Тұзаққа түскенін білгенде өзге де жәбірленушілерді жинай бастайды. Алаяқтың арбауына түскен алматылықтар да аз емес.
«Бұл қылмыстық істі полиция департаментінің тергеу басқармасы тергеуде. Қазіргі уақытта осы күдіктіден жәбір шеккен сегіз адам полицияға арызданып отыр. Барлық факт бойынша заң аясында тиісті зерттеулер жүргізіледі», – деді қалалық ПД ресми өкілі Салтанат Әзірбек.
Күдіктінің енді сотта жауап беруіне тура келеді. Алданған алматылықтар екі жылдан бері мүліктерін қайтара алмай әлек.
«Күдіктіден не сұрасаңыз да жауабы дайын тұрады. Сот актілерін көрсетеді. Сол себепті онымен күресіп, әділдікке жету қиын болып тұр. Біздің құзырлы органдар мұндай іспен айналысуға аса құлықты емес. Бірақ ниет болса, бұлтартпас айғақтар бар. Әділдікке қол жеткізіп, адамдар үйлерін қайтарып алады деген үміттеміз», – дейді адвокат Елена Тедеева.
Ал әділдік орнауы үшін қанша уақыт күтуге тура келетіні әзірге белгісіз дейді адвокат. Оған да шыдамдылық пен қаражат керек. Баспанасыз қалғандар әзірге пәтер жалдап тұруға мәжбүр.