TengriBank-тың бұрынғы топ-менеджерлері 5,4 млрд теңге жымқырды деген күдікке ілінді
Үш адам қамауға алынды
Қаржы мониторинг комитеті Экономикалық тергеу қызметінің жетекшілігімен ведомствоаралық тергеу-жедел тобы «TengriBank» АҚ бұрынғы топ-менеджментіне қатысты жалпы сомасы 5,4 млрд теңгеден астам ақша қаражаттарын ұрлау фактісі бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 189-бабы 4-бөлігінің 2-тармағы бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізуде.
«9 қарашада Алматы қаласының тергеу соты Б.А. Ильясовқа, А.У. Жадықовқа, Н.М. Жылқыбаеваға қатысты 2 айға дейін қамауға алу түріндегі бұлтартпау шараларын санкциялады. Сотқа дейінгі тергеу жалғасуда. Басқа ақпараттар тергеу мүдделері үшін жария етілмеді», - делінген комитет хабарламасында.
Бахтияр Әбдінұрұлы Ильясов – банк төрағасының бұрынғы орынбасары;
Әсет Өрісбайұлы Жадықов – банктің Алматы қалалық филиалы басшысының орынбасары;
Назгүл Маманшалқызы Жылқыбаева – банк қызметкерлері бақылауындағы мекеме басшысы (жалған құжаттар арқылы 3 млн АҚШ доллары көлемінде қайтарымсыз несие алған).
Еске сала кетейік, 10 қарашада Қаржы министрлігі TengriBank басқарма төрағасының бұрынғы орынбасары Бақтияр Ілиясов пен TengriBank-тің Алматыдағы филиалы директорының экс-орынбасары Әсет Жадықовтың ұсталғанын растады.