Кентау маңында 200-ге жуық адам жиналған көкпар таратылды
Той иесі мен ұйымдастырушыға айыппұл салынды
Түркістан облысында кезекті рет көкпар ұйымдастырғандар анықталды. Бұл туралы облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлайды.
«Кезекті рейд барысында Кентау қаласының полицейлері мобильдік топпен бірге Қарнақ ауылына қарасты жайылымда көкпар ұйымдастырылғанын, оған 200-ге жуық адам жиналғанын анықтады. Көкпарға жиналған қауым тарқатылды. Мобильдік топ белгіленген талапты сақтамай, көкпарға қатысқан тұрғындарға түсіндірме жұмыстарын жүргізді», - деп хабарлады.
Адамдардың көптеп шоғырлануына жол берген көкпар тойының иесі мен ұйымдастырушысына ҚР әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 425-бабы (Халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы заңнама талаптарын, сондай-ақ гигиеналық нормативтердi бұзу) бойынша әкімшілік хаттама толтырылды. Жинақталған ақпараттар шешім қабылдау үшін тиісті органға жолданып, айыппұл салынды.