Авиация комитеті Атырау әуежайына мәжбүрлі түрде қонған ұшаққа не себеп болғанын түсіндірді

Алдын ала мәліметке сәйкес, құстардың соқтығысуынан ұшақтың сол жақ қозғалтқышы зақымданған

Авиация комитеті Атырау әуежайына мәжбүрлі түрде қонған ұшаққа не себеп болғанын түсіндірді
Көрнекі фото: planetravel.ru

10 қарашада Атырау уақытымен сағат 22:00-де SCAT әуе компаниясына тиесілі Boeing-737 ұшағы Атырау – Нұр-Сұлтан бағытындағы DV-766 рейсін орындау үшін әуеге көтерілу кезінде бір топ құс ұшаққа соғылған. Алдын ала мәліметке сәйкес, құстардың соқтығысуынан ұшақтың сол жақ қозғалтқышы зақымданған. Бұл туралы Азаматтық авиация комитетінің баспасөз қызметі хабарлайды.

«Әуе кемесі әуежайға қайта оралып, штаттық режимде қонды. Зардап шеккендер жоқ. Қазақстанның авиациялық әкімшілігінің инспекторлары Атырау қаласының әуежайында SCAT әуе компаниясының техникалық қызметкерлерімен бірлесіп авиациялық оқиғаның мән-жайын анықтауда», - делінген комитет хабарламасында. 

Ведомствоның хабарлауынша, Атырау қаласының әуе айлағында ұшуды қамтамасыз ететін, құстарды үркіту немесе жинау шараларына бақылау жасайтын білікті мамандар бар.

Қазақстанның авиациялық әкімшілігі базасында құстардың ұшаққа соқтығысуын болдырмау мақсатында қыркүйек айында үйлестіру кеңесі құрылған. Оның құрамына Қазақстанның ірі әуежайларының, әуе компаниялардың және авиациялық орнитология саласында мамандандырылған ұйымның мамандары кірді.  

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.