«Ақжайық» резерватында құс қырылып жатыр
Жауапты мекеме құстардың қырылу себебін анықтауда

«Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерватында құстардың жаппай қырылуы тіркелді. Бұл туралы azh.kz хабарлайды.
4 қарашада резерват қызметкерлері 16 құстың – 11 суқұзғын мен 5 шағаланың өлексесін тапты. Келесі күні мониторинг кезеңінде тағы 20 суқұзғынның өлексесі табылды.
Аумақтық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі инспекциясының өкілі Мереке Шалқаровтың хабарлауынша, 6 қазанда резерваттан 6 өлі суқұзғын табылған, ал бүгін, 7 қарашада тағы 7 құстың өлексесі табылыпты.
«Құстардың қырылу себебі анықталып жатыр. Ветеринариялық зертханамен бірлесе отырып, биоматериалдар алып, Нұр-Сұлтандағы «Ветеринария бойынша ұлттық референттік орталыққа» жібердік. Экология департаментінің мамандары резерваттан зертханалық талдау үшін су, топырақ және ауа сынамаларын алды. Нәтижелерін күтеміз. Қазір резерват қызметкерлері өлі құстарды өртеп жатыр», - деп жауап берген.
Шалқаровтың айтуынша, қазір облыс бойынша күнделікті мониторинг жасау басталған. Қызметкерлер барлық ауданды аралап, жабайы құстар мен жануарлардың жаппай қырылуына қатысты ақпарат жинайды.
Естеріңізге салсақ, 2013 жылы «Ақжайық» мемлекеттік табиғи қорығының акваториясына кіретін Шалыға аралында шағалалар жаппай қырылды. Сол кезде 1250 өлі құс табылды.