Шымкентте газ-ауа қоспасы жарылып, Ресей азаматы жараланды
Ол пәтер жалдап тұрып жатқан
09 қараша күні сағат 06:27-де Шымкент қаласы Қаратау ауданындағы Нұрсәт мөлтекауданында 5-қабатты тұрғын үйде газ-ауа қоспасының жарылғаны туралы ақпарат келіп түскен. Оқиға көпқабатты үйдің 1-қабатындағы пәтерде болып, салдарынан 1957 жылы туған ресейлік ер азамат (пәтер жалдаушы) дене жарақатын алған, оған алғашқы медициналық көмек көрсетіліп, үйіне қайтарылды.
«Сонымен бірге пәтердің терезелері, есіктері зақымдалып, үй заттары мен жиһаздары жанды. Өрттің жалпы көлемі 35 шаршы метрді құрады. Қауіпсіз жерге 4 адам шығарылып, 6 адам құтқарылды. Сондай-ақ, оқиға салдарынан көршілес орналасқан екі пәтердің терезелері, Audi автокөлігінің алдыңғы әйнегі зақымдалған. Өрт сағат 07:20-да толығымен сөндірілді. Өрттің шығуына газ шаруашылығының алдын ала мәліметі бойынша белгісіз жағдайларға бпйланысты газдың жиналуы себеп болған», - делінген қалалық ТЖД баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.
Оқиға орнына жеке құрамында 29 адам және 6 техника бар Шымкент қаласы ТЖД өрт сөндіру қызметі, Апаттар медицина орталығы филиалының, жедел-құтқару жасағының 8 қызметкері, 2 техникасы, Полиция департаментінің 20 адамы бар жеке құрамы мен 7 техникасы жұмылдырылды.