Алматы облысында тағы бір қар барысы фототұзаққа түсіп қалды
Қазақстанда шамамен 120-130 қар барысы бар
«Алтын-Емел» ұлттық паркінде қараша айында тағы бір қар барысы фототұзаққа түсті. Қыркүйек айында фототұзаққа бір барыс түскенін ескерсек, демек, ұлттық паркте сирек кездесетін жануардың екі дарағы мекендейді деуге негіз бар. Бұл туралы Экология министрлігінің баспасөз қызметі хабарлайды.
Қызыл кітапқа енген аңның саны жылдам азайып келеді. Қазақстанда 120-130, әлем бойынша 7 мыңдай барыс өмір сүреді.
«Ғылыми дәйектердің жоқтығына қарамастан, «Алтын-Емел» ұлттық паркінде барыс мекендейтіні құжат жүзінде дәлелденді. Бұл жолы фототұзақ басқа тау шатқалына - шатқал шұңқырының, яғни барыс апанының дәл қасына орнатылды. Видеодан барыстың қалай демалып, пырылдағанын, айналаны торуылдап жүргенін көруге болады», - делінген хабарламада.
Қыркүйектегі фототұзаққа ілінген барыс пен осы ілінген аңның жүрген жері бір-бірінен алыс екенін ескерсек, екеуі екі бөлек болуы мүмкін. Болжам нақтылану үшін ілбістердің терісіндегі белгілер жіті салыстырылады.