Елордада жолаушыны сүйреп кеткен автобус оқиғасы: қызметтік тергеу басталды
Аяғы есікке қыстырылып қалған жолаушыны автобус бірнеше метрге дейін сүйреп кеткен
Елордада адамды сүйреп кеткен №70 автобустың жүргізушісіне қатысты қызметтік тергеу басталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
«15 қараша күні сағат 19.30-да қозғалып кеткен №70 автобустың ашық есігінен бақылаушы сыртқа жығыла құлады. Оның аяғы есікке қыстырылып, автобус адамды бірнеше метрге дейін сүйреді. Осыдан кейін жігіттің аяғы босағаннан кейін ғана жүргізуші қозғалысты тоқтатты. Жігіт қайта дөңгелектің астында түсіп кетпей, аман қалды. Елорданың қоғамдық көлігі туралы басқа не деуге болады? Анау жігіттің орнында кез келген адам, зейнеткер немесе бала болуы мүмкін еді. Қоғамдық көліктің мәселесі бұрыннан шешілмей келе жатыр», – дейді Сергей Корняков атты қолданушы Facebook-тегі «Астана, хочу похвалить/пожаловаться» тобында.
Оның жазуынша, оқиға орнына жедел жәрдем шақырылған.
Бұл жағдайға қатысты «Астана LRT» ЖШС Көліктік бақылау департаменті қызметтік тергеу басталғанын хабарлады.
«Қазір жүргізуші және бақылаушы Көліктік бақылау департаментіне шақырылды. Автобустағы бейнежазбалар алынады. Көліктік бақылау департаментінің қызметкерлері болған оқиғаны егжей-тегжейлі зерттеген соң, белгілі бір шешім қабылданады. Әзірге қызметтік тексеру аяқталған жоқ», – деп хабарлады компаниядан.