$ 511.22  540.05  4.73
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
03.11.2020, 13:40
Оқиғалар

Мүфтият «Борат-2» фильмін қолдау флешмобына қатысты мәлімдеме жасады

ҚМДБ шетел азаматтарының өрескел әрекетін қатаң айыптайды

Мүфтият «Борат-2» фильмін қолдау флешмобына қатысты мәлімдеме жасады
Скриншот: YouTube

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы «Борат-2» фильмін қолдау мақсатында өткен флешмоб қатысушыларының мемлекеттік туды қорлауына байланысты мәлімдеме жасады.

«Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жағажайда жалаңаш күйде туымызға құрметсіздік жасаған шетел азаматтарының өрескел әрекетін қатаң айыптайды», - делінген ҚМДБ сайтында.

Мүфтияттың мәлімдемесінде исламда мемлекеттік маңызы бар рәміздерге мән берілгенін, хадис ғалымдары өз кітаптарында ту мен жалаудың қадірі мен құрметі жайлы арнайы тарау арнағаны айтылған.

«Ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) туды және ту ұстаған сахабалардың ерлігін ерекше атап өткен және оны құрмет тұтудың маңызы жайында тағылымды өсиетін қалдырған. Отан деген сөз кез келген азамат үшін қымбат ұғым болса, әр адамның өзге елден ерекшелеп тұратын Әнұраны, Елтаңбасы мен Туы да – құрметке лайық құндылықтар. Туымыз көтеріліп, әнұранымыз шырқалғанда орнымыздан тұрып, құрмет көрсетуіміз – шариғатта құпталған іс. 

Туға, әнұранға, елтаңбаға құрмет көрсету – өз еліміз бен жерімізге, рәміздерге құрмет көрсету», - делінген.

Еске сала кетейік, жақында Аустралияның Бондай Биц жағажайында «Борат-2» фильмін қолдау мақсатында ұйымдастырылған флешмоб қазақстандықтардың ашуына тиді. Видеодан жағажайда жалаңаш билеген бірнеше шетелдіктің Қазақстанның мемлекеттік туын мазақ еткенін көруге болады.

Фильмнің премьерасы болған күні Алматыда бір топ жас АҚШ-тың Бас консулдығының алдына жиналып, «Борат-2» деген атпен жарық көрген фильмнің әлемдік прокатқа шығуына қарсылық білдірді.

Қазақстан қоғамында көп талқыланған атышулы фильмге байланысты ҚР Сыртқы істер министрлігі түсінік беріп, адресаты жоқ болғандықтан наразылық нотасын жолдаудың мәні жоқ екенін мәлімдеді.

АҚШ-тың Қазақстандағы елшісі Уильям Мозер Kazakh TV телеарнасына берген сұхбатында «Бұл – бар болғаны, кино. Көрермен киноға барады, көреді, сонымен бітті» деп пікір білдірді.

Серіктес жаңалықтары