Орал қаласында ауыл әкімі дүркіретіп той өткізді
Ақжол ауылының әкімі қазір еңбек демалысында жүр
Куәгерлер «Мой город» порталына Орал қаласында дүркіретіп өткізілген үйлену тойының видеосын жіберіп, той иесі БҚО Ақжайық ауданының Ақжол ауылдық округінің әкімі екенін айтқан. Хабарламаға сенсек, оның ұлы үйленген.
Осы жағдайға байланысты Ақжайық ауданы әкімінің міндетін атқарушы Ердос Үмітов жауап беріп, Ақжол ауылы әкімінің ұлы үйлену тойын өткізгенін бүгін, яғни 26 қазанда білгенін айтқан.
«Өте ыңғайсыз жағдай, дәл қазір Татжан Өтемісов (ауыл әкімі – ред.) еңбек демалысында. Негізі, карантиндік шектеу енгізілгені жайында аудандағы барлық әкім хабардар. Карантин талаптарының сақталуын қадағалайтын арнайы мониторинг тобы құрылған. Ауыл әкімі еңбек демалысынан оралған соң бұл жағдайды заң аясында қарастырамыз. Жалпы, 30 қазанда Ақжол ауылдық округі әкімінің сайлауы тағайындалған, бірақ үміткерлер арасында қазіргі әкім Татжан Өтемісов жоқ», - деп жауап берген.
Еске сала кетейік, жақында Орал қаласының бас мемлекеттік санитар дәрігері қала тұрғындары арасында коронавирус инфекциясы таралуының алдын алу мақсатында, сондай-ақ эпидемиологиялық жағдайды ескере отырып, жаңадан шектеулер енгізді.