Алматы облысының тұрғынынан 130 кг торта балық тәркіленді
Күдікті балықты Қапшағай су қоймасынан аумен ұстағанын мойындады
Алматы облысының полицейлері заңсыз айналымнан 130 кг торта балық тәркіледі, деп хабарлайды Polisia.kz.
22 қазанда «Браконьер» республикалық жедел-алдын алу іс-шарасын өткізу кезінде табиғат қорғау полициясы «Охотзоопром» инспекторларымен бірлесіп, Туғанбай ауылының маңында 34 жастағы жергілікті тұрғын айдап келе жатқан тіркемесі бар «Фольксваген» жеңіл автокөлігін тоқтатты.
«Тәртіп сақшылары тексеру кезінде көліктің тіркемесінен салмағы 130 кг торта балық пен 200 метрден асатын ұсақ көзді тор тауып тәркіледі. Күдікті балықты Қапшағай су қоймасынан аумен ұстағанын мойындады, өзі сол әрекетінің заңға қайшы екенін де білген», - делінген хабарламада.
Тіркемесі бар автокөлік сот шешіміне дейін арнайы тұраққа қойылды.
Балық мемлекеттік қабылдау пунктіне тапсырылды. Қазіргі уақытта мемлекетке келтірілген залал сомасы анықталып жатыр.
Балық ресурстарын заңсыз аулау фактісі бойынша ҚР ҚК 335-бабының 1-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.