Оңтүстік облыстардағы 40-тан астам мешітті тонап кеткен ер адам ұсталды
Қаскүнем қайырымдылық жәшіктеріндегі ақшаны ұрлап кетіп отырған
Түркістан облысының полицейлері бірнеше қаланың мешіттерінен ұрлық жасаған күдіктіні ізін суытпай ұстады. Бұл туралы облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
«Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында Түркістан облысы Полиция департаментінің криминалдық полиция қызметкерлері Түлкібас аудандық полиция бөлімінің қызметкерлерімен бірге мешіттерден ұрлық жасаған күдіктіні ұстады. Ол тергеу барысында анықталғандай, Түркістан облысында, сондай-ақ, Шымкент, Алматы және Тараз қалаларында орналасқан мешіттерден 40-тан астам ұрлыққа қатысы бар қызылордалық тұрғын болып шықты», - делінген ақпаратта.
Қаскүнем қайырымдылық жәшіктерін ашып, ақша ұрлап, қылмыс орнынан жасырынғаны белгілі болды.
Қазіргі уақытта аталған жайттар бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Күдікті қамауға алынды. Қазіргі уақытта тергеу аясында келтірілген шығын көлемі мен жас жігіттің басқа да ұқсас қылмыстарға қатыстылығы анықталуда. Полиция қызметкерлері ұрлық саны артуы мүмкін екенін жоққа шығармайды. Тергеу амалдары жүргізілуде.