Павлодар облысында мас күйінде көлік айдаған әкім 15 күнге қамауға алынды
Ауыл әкімі 7 жылға дейін көлік жүргізу құқығынан айырылған

10 қазанда Май ауданына қарасты Ақжар ауылының әкімі Серік Құсайынов іргелес жатқан Курчатов қаласына (ШҚО – ред.) қызметтік көлігімен барып, оны қала көшелерінің бірінде жол полициясы өкілдері тоқтатқан. «Нива» көлігін тізгіндеген ауыл әкімінің алкоголь ішкені анықталған. Бұл туралы pavlodarnews.kz хабарлайды.
«Біз Курчатов қаласына барып, полиция бөлімі басшылығымен кездесіп, жағдайды анықтадық. Факті расталды», - деді Павлодар облысының әдеп жөніндегі уәкілі Дидар Ибраев.
Май аудандық сотының шешімімен Ақжар қаласының әкімі 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынған. Сондай-ақ 7 жылға дейін көлік жүргізу құқығынан айырылған. Ақжар әкімі 30 қазанға дейін қамауда болады, сосын оның ісі облыстық тәртіптік кеңесте қаралады.
Серік Құсайынов - 2011 жылдың 17 қазанынан бері Ақжар ауылының әкімі.