Петропавлда жолаушылар автобусы оқушыны қағып кетті
Оқиғадан 4-сынып оқушысы зардап шекті
Петропавлда жолаушылар автобусы қала көшелерінің бірінде оқушы қызды қағып кетті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі СҚО Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
13 қараша күні қалада жауған алғашқы қар салдарынан жасөспірімдер зардап шеккен екі жол-көлік апаты болды. Облыс орталығындағы Интернационал, Батыр Баян және Егемен Қазақстан көшелерінің қиылысында 4-сынып оқушысы зардап шекті. Оны Петропавл қаласының 49 жастағы тұрғыны, автобус жүргізушісі соғып кетті. Екінші оқиға Шухов – Набережный көшелерінде болды. «Нива Chevrolet» автокөлігінің 18 жастағы жүргізушісі жаяу жүргінші жолағында 16 жастағы бойжеткенді қақты. Зардап шеккендерге медициналық көмек көрсетілді. 4-сынып оқушысы ауруханаға жатқызылды. Екі көлік те арнайы тұраққа қойылды. Ал жүргізушілердің үстінен әкімшілік іс қозғалды.
«Жолда, әсіресе қар мен көктайғақта аса сақ болу қажет. Көлік жүргізушілері, соның ішінде қоғамдық көлік жүргізушілері жылдамдықты, жолдың жағдайын, көше қиылысының конфигурациясын ескерулері қажет. Қар жаңа жауған кезде жылдамдықты сағатына 40-45 шақырымнан асырмаған жөн. Жүргіншілер де көктайғақта көліктің бірден тоқтай алмасын естен шығармаулары керек. Сол себепті бағдаршамнан өтерде де жан-жаққа қарап алып, қауіпсіз болғанда ғана өту керек», - дейді СҚО ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Айдын Байматов.
Оқыс оқиғалардың алдын алу мақсатында патрульдік полицейлер балалар көп жүретін жерлерде таңертеңнен түске дейін кезекшілік етеді.